«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының «Жарқын Болашақ» бағдарламасына өтініш беру басталып кетті
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының «Жарқын Болашақ» бағдарламасы Маңғыстау өңірінің аудандарында білім алып отырған 12-22 жастағы жасөспірімдер мен жастарға еліміздің ең озық орта және кәсіптік білім беру ұйымдарына түсіп, оқуға жағдай жасап отыр. Оқудан өткен жастар сапралы білім алып, болашақта кәсіптік мамандық алып жұмысқа орналасуға, жоғары оқу орындарға түсіп білімін жалғастыруға толыққанды мүмкіндік ала алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Бала есейген соң қанаттанып, ұядан ұшуға тиіс. Басқа аймақтарда, тіпті, шетелде білім алуы қажет. Өзге жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын көргені абзал. Сондай-ақ қай жерде өзіне және еліне пайдасы тисе, сол жерге барып еңбек етуі керек. Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз» - деп атап өтті. Осы мақсатқа сәйкес «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының тікелей қаржыландыруымен және қолдауымен жүргізіліп келе жатырған «Жарқын Болашақ» Бағдарламасы елдегі адами капиталды дамытуда мультипликативтік нәтиже көрсетіп отыр. Қазіргі кезде Бағдарлама аясында Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия аудандарынан 674 бала еліміздің 11 өңірінде орналасқан 56 білім ордасында білім алуда. Соынмен бірге биылғы жылы Маңғыстау облысының Бейнеу, Мұнайлы аудандарының жастары да өтініш беріп Бағдарламаның қатысушысы бола алады.
Биылғы 20 мамыр және 6 маусым аралығында Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау өңірінің аудандарының орта мектеп оқушылары мен 18-22 жастағы жастар zharqynbolashaq.kz сайты арқылы өтініш беріп 2024-2025 оқу жылына арналған 600 оқу гранттарына қатыса алады.
Ол үшін zharqynbolashaq.kz сайтына өтініш беріп, өзі туралы қажетті құжаттарды жүктеп, сұқбатқа шақырту алу керек. Сұқбат барысында қатысушымен жүзбе-жүз кездесіп, сәтті өткен жағдайда білім беру ұйымының көрмесіне қатысуға жіберіледі. Көрмеде әр оқу орнының ішкі тәртіп ережесіне сәйкес іріктеу жүргізіледі. Сыннан сүрінбей өткен жастар ғана «Жарқын Болашақ» Бағдарламасының грант иегері атанады.
Жоба үйлестірушілері толығымен ақпараттық, логистикалық және психологиялық қолдау көрсетіп отырады. Олармен үнемі байланыста болып, бағыт-бағдар береді. ҚазМұнайГаз грант иегерлерінің оқу ақысы төленіп, жоғарылатылған шәкіртақы беріледі, оқу демалысындағы жол шығындары белгілі мөлшерде өтеледі.
Қазіргі таңда Бағдарлама ұйымдастырушылары аймақтарды аралап, мектептердегі оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аймақтардың білім бөлімі басшылары, мектеп директорлары, кәсіби бағдар берушілермен жүздесіп, Бағдарламаның іріктеу кезеңі жөнінде ақпараттармен бөлісті. Ағымдағы жылдың 20-21 мамырында Жаңаөзен қаласындағы Оқушылар шығармашылық үйінде тұрғындармен кездесу барысында көкейде жүрген сауалдарына толыққанды жауап берілді.
Осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып жастарымыз өз бойындағы дарынын ұштап, еліміздің жарқын болашағының қалануына септігін тигезетін білікті кадрларға айналады деп сенім білдіреміз.