«Жарқын болашақ» түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды

«Жарқын болашақ» түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды

«Жарқын Болашақ» бағдарламасының 11 түлегі Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығының» мамандарымен жүздесіп, «Алғашқы жұмыс орны» және «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен танысып қайтты.

Кездесу барысында «Bilim Foundation» қоры «Еңбек мобильділігі орталығымен» меморандумға отырып, «Жарқын Болашақ» бағдарламасының түлектерін жұмысқа орналастыру мақсатында келелі келіссөздер жүргізілді.

Оқу бітірер алдында бағдарлама түлектерін таңдаған мамандықтары бойынша практикалық дағдыларды игеруіне жағдай жасап, жыл бойы қолдау көрсетіледі. Демек жұмысқа қабылдауға дайын жұмыс берушілерді іздестіруге көмектеседі.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы еңбек жолын енді бастағалы жүрген оқу орындарының түлектеріне, яғни жұмыссыз жастарға арналады. Жобаға қатысу ұзақтығы 18 айдан аспайды. Осы аралықта  жұмыс істеген уақыты еңбек өтілі ретінде есептеліп, 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 110 760 теңге жалақы беріледі. Оған қоса салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банктік қызметтерді ескереді», – деді «Еңбек мобильділігі орталығының» директоры Олжас Қобландыұлы.

Оның айтуынша, дәл осы жалақы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау үшін «Жастар практикасы» жобасына да қатысуға болады. Бұл жобаның ұзақтығы 12 айдан аспайды. Егер меңгерген кәсібі бойынша жұмыс істеп, әлеуметтік төлемдер аударылған болса, онда жобаға қатыса алмайды. Оқу бітіргеннен кейін бес жыл ішінде жұмысқа орналаса алмаса, осы жоба арқылы арманына бір қадам жақындай алады.

Егер оқу бітіргеннен кейін мамандығыңыз бойынша үш жыл бойы жұмыс таппай сенделсеңіз, 6 айдан аспайтын «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысуға болады.

Шара соңында бітіруші түлектер көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Сонымен қатар жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар мен шағын несие беру жолы да түсіндірілді.

Ал «Bilim Foundation» қорының президенті Ерлан Аманжолұлының айтуынша, «Жарқын Болашақ» бағдарламасын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры қолдау білдіріп келеді. Бағдарламаға Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия аудандарының жастары қатыса алады. Тек осы аудандарда оқитын өрендер ғана осы бағдарламаға қатысуға мүмкіндігі бар.

Өтініш бергеннен кейін іріктеуден өткендер мына өңірлердегі оқу орындарын таңдай алады: Астана, Қарағанды, Тараз, Алматы, Қостанай,  Петропавл, Көкшетау, Павлодар, Екібастұз, Өскемен, Семей. Грант иегерлеріне білім алу мен жатақхана ақысы, белгіленген көлемдегі жол шығындары, жоғарылатылған шәкіртақы қарастырылған.

«Қазіргі таңда бағдарлама аясында  67 түлек оқу орнын тәмамдағалы отыр. Егер колледжден кейін университетке түсе алмаса, жұмысқа орналасуына жағдай жасалады», – деді Ерлан Аманжолұлы.

Бөлісу
Өтінім беру