"MUNAILY MEKEN" газеті: "Жарқын Болашақ" - жаңашыл білім дәстүрі
XVIII–XIX ғасырларда қазақ даласы біртіндеп Ресей империясының ықпалына енген тұста жергілікті билер мен старшындар қалыптасқан жағдайды терең бағамдап, жас ұрпақтың білім алуына жол ашудың маңызын ерте ұғынды. Сол себепті олар балаларын сол кездегі Орынбор мен Омбы қалаларында ашылған ірі білім орталықтарына жіберуге ұмтылды. Бұл – ел болашағын ойлаған ата-бабалардың даналығы мен көрегендігі еді.
Ғасырдан ғасырға ұласқан білім шырағының ізгілік жолы қазіргі таңда да жалғасын тауып отыр. Жастардың сапалы білім алуына қолдау көрсетіп, кәсіби маман ретінде қалыптастыру мақсатында бірқатар әлеуметтік бастамалар жүзеге асып келеді. Соның ішінде ерекше маңызға ие жобалардың бірі – «ҚазМұнайГаз» компаниясының қолдауымен және «Samruk-Kazyna Trust» қорының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Bilim Foundation» қорының «Жарқын болашақ» білім беру бағдарламасы.
«Жарқын болашақ» бағдарламасы – тамыры тереңге тартқан Маңғыстау өңірінің кемел білім мен кенен ғылым құндылығының жаңа замандағы заңды жалғасы. Кезінде ата-бабаларымыз жас ұрпақтың білім алуына ден қойса, қазіргі уақытта маңызды миссияны ірі ұлттық компаниялар мен әлеуметтік қорлар жалғастырып отыр.
Білімге салынған инвестиция – ел болашағының кілті. Ал білімді, білікті жастар – мемлекеттің басты капиталы. Сондықтан «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен «SamrukKazyna Trust» қоры қолдау көрсетіп отырған «Жарқын болашақ» бағдарламасы Маңғыстау жастарының арманын орындап, мұрат-мақсатына қанат бітіретіні сөзсіз.
